2025 жылғы 2 мамырда Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Бірлік күніне арналған «SANAQ» зияткерлік шоуының финалы өтті. Бұл іс-шара Алматының жетекші жоғары оқу орындарының студент жастар өкілдерін біріктіріп, олардың білім деңгейін, шығармашылық әлеуетін және этномәдени сұхбатқа бейімділігін көрсетуге үлкен мүмкіндік берді.
Финалға іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен және қаланың басты университеттерін таныстырған төрт команда қатысты:
•әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — Q-Unite командасы
•Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті — Future Makers командасы
•Халықаралық бизнес университеті (UIB) — Green Team командасы
•NARXOZ университеті — БОССЫ командасы
Байқау алты кезеңнен тұрды. Сұрақтар Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен әдебиетінен бастап, экономикасы мен қазіргі әлеуметтік-саяси үрдістеріне дейінгі тақырыптарды қамтыды. Әсіресе, үй тапсырмасы кезеңі ерекше әсер қалдырды: қатысушылар сахналық қойылымдар арқылы өздерінің интеллектуалдық қабілеттерімен қатар, креативтілік, әртістік және командалық ынтымақтастығын да көрсетті.
Финалда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Q-Unite командасы жеңімпаз атанды. Олар байқау басталған сәттен-ақ көш бастап, барлық кезеңде үздік нәтиже көрсетті. Команда кубокпен, жеңімпаз дипломдарымен, төрт сымсыз шаңсорғышпен және университетке сыйға берілген 65 дюймдік теледидармен марапатталды.
Қалған финалистер алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен — ауа ылғалдандырғыштармен марапатталды. Бұл — олардың жоғары деңгейде қатысып, тамаша командалық жұмыс көрсеткенін мойындаудың белгісі.
Залда ерекше атмосфера қалыптастырған ҚазҰУ-дың жанкүйерлер тобы «ең белсенді және жарқын» деп танылып, жанкүйерлер сайысында өз командасына ең жоғары ұпай алып берді.
«Финалдың үздік ойыншысы» атағы Satbayev University атынан қатысқан Future Makers командасының мүшесі Еркехан Жантөреге берілді. Ол — жылдам ойлау қабілеті, бастамашылдығы және көшбасшылық қасиеттерімен көзге түсті. Арнайы атақ пен қатар сыйлық ретінде қуаттағыш (пауэрбанк) иеленді.
Кеш аясында көрермендерге арналған зияткерлік викторина да өтті. Ең зерделі қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталып, бұл шараның ашықтығын және көрермендердің белсенділігін арттыра түсті.
«SANAQ» зияткерлік шоуы — бұл тек білім сайысы емес, сонымен қатар жастар бастамаларын дамытуға, ұлтаралық татулықты нығайтуға және Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған маңызды алаң.